22 сәуірден Петропавлда жылу беру тоқтатыла бастайды
Жылыту маусымының аяқталуы туралы қаулыға қала әкімі Серік Мұхамедиев қол қойды. Үйлер мен әлеуметтік нысандардағы жылуды өшіру 22 сәуірден басталады. Жылу беру 100% 10 күннен кейін тоқтайды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Бірінші кезекте орталықтандырылған жылыту көппәтерлі үйлерде өшіріледі. Содан кейін кезек балабақшаларға, білім беру ұйымдары мен медициналық мекемелерге келеді”, – делінген қала әкімдігінің хабарламасында.
Жылыту маусымы қаладағы қолайлы ауа-райына байланысты аяқталады. Әдетте мұндай шешім үш күн бойы орташа ауа температурасы +10 °С-тан төмен болмаған жағдайда қабылданады.