Kozybayev University студенттері елдегі жетекші машина жасау кәсіпорнына өндірістік тәжірибеден өтуге жіберілді
Kozybayev University студенттері елдегі машина жасау саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «СарыаркаАвтоПром» ЖШС-де ақы төленетін өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Бұл университет пен компания арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асты, деп хабарлайды QZ News.
Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл тәжірибе болашақ инженерлер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Инженерия және цифрлық технологиялар факультетінің студенттері теориялық білімдерін нақты өндірістік ортада қолданып, заманауи машина жасау саласында баға жетпес тәжірибе жинай алады.
Кәсіпорын тәжірибеден өту үшін барлық қажетті жағдайларды жасап отыр: жатақхана, тамақтану және күнделікті жұмыс орнына дейін жеткізу қарастырылған. Бұл студенттердің тұрмыстық мәселелерге алаңдамай, кәсіби дағдыларды меңгеруге толықтай көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.