Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық туралы: «Уақыт жоғалтуға болмайды»

Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық туралы: «Уақыт жоғалтуға болмайды»

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өткен жылыту маусымының қорытындысы шығарылып, алдағы маусымға дайындық барысы талқыланды, деп хабарлайды QZ News.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен маусымда халық толықтай көмірмен қамтамасыз етілді – 7,9 млн тонна жеткізілді. Өңірлерде 350 мың тоннадай қатты отын қоры жинақталған.

Жоспар бойынша 10 энергоблокты, 63 қазандық пен 39 турбинаны жөндеу көзделген. Қазіргі таңда бірқатар нысандарда жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар 66 қазандыққа қызмет көрсететін 44 қазандықты қайта жаңғырту жоспарланған. Премьер-министр технологиялық ақаулар санының 10%-ға азайғанын, ал жылу электр станцияларын жаңғыртуға бөлінген қаржы 44%-ға артқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 19 жылу көзі жедел түрде жаңғыртылды. Енді тозу деңгейі жоғары қалған жылу станциялары мен желілерде жөндеу жұмыстарын жалғастыру қажет. Басты мақсатымыз – халықты сапалы жылу және электр қуатымен қамтамасыз ету, ал бар жабдықты апатты жағдайға жеткізбей, уақтылы ауыстыру және жөндеу. Ол үшін энергия көздері мен желілердің негізгі құралдарын жоспарлы түрде жөндеу және жаңарту жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек. Қазір жөндеу науқанының белсенді кезеңі басталып жатыр, сондықтан жаз бойы күшейтілген режимде жұмыс істеу қажет. Уақытты босқа өткізуге болмайды. Барлық жұмыстар толық әрі мерзімінде орындалуы тиіс. Бақылау қатаң болады», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға 25 млрд теңге бөлінгенін айтты. Ол бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді. Өңірлердегі жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуіне де ерекше назар аударылды. Семейдегі қазандықтарда жөндеу әлі басталмаған, Маңғыстау облысында тәжірибесі жоқ компания жұмыс жүргізуде, Қостанай облысында Рудный және Арқалық ЖЭО-ларындағы жөндеу жұмыстары созылып жатыр, Ұлытау өңіріндегі Сәтбаев қаласында жөндеу қарқыны өте баяу.

«Мұндай кемшіліктер барлық дерлік өңірлерде байқалады және бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Әкімдіктер бұл істі министрліктерге, қаражат тапшылығына немесе тендерге сілтеп, өз бетімен жібермеуі керек. Жылыту маусымына дайындық – алдағы үш айдағы әкімдіктердің басты міндеті», – деді Премьер-министр.

15 қыркүйекке дейін – солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде, ал 15 қазанға дейін қалған аймақтарда толық дайындық қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, 1 қыркүйекке дейін жылу көздерінде отын қоры жиналуы қажет. Дайындық барысы Үкімет деңгейінде бақыланатын болады.

Shares