Петропавл әкімі Заречный тұрғындарын көшіру туралы: «Жас Өркен және IT-лицей аудандарында екі көпқабатты үйдің құрылысы басталды»
Солтүстік Қазақстан облысы мен Петропавлда су тасқынына қарқынды дайындық жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Серік Мұхамедиев халықпен есептік кездесуінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін үкіметтің қолдауымен бірқатар жобалар іске асырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды QZ News.
Атап айтқанда, Ойқала шағын ауданындағы Ущев көшесінде орналасқан ұзындығы 1,33 км болатын бөгетті қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 4,2 км болатын Былғары зауыты кентіндегі бөгет, 3,6 км Биопруд бөгеті қайта жөнделіп, айналма жолдағы 0,8 км топырақ үйіндісі нығайтылуда. Абсолюттік белгі 101,2 метр.
«Заречный кентінде ұзындығы 970 метр болатын жерді қоршау жұмыстары аяқталды. Абсолюттік белгі – 101,2 метр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биіктіктер 2024 жылғы су тасқынына қатысты есептік мәндерге сәйкес келтірілді. Заречный кенті өзен жағасында орналасқандықтан, көктем сайын бұл аймақтың су астында қалу қаупі бар. Толықтай қоршап, қорғау мүмкін емес», – деді қала басшысы.
Осыған байланысты жергілікті билік кент тұрғындарын су басу қаупі жоқ аудандарға көшіру туралы шешім қабылдады.
«Қазіргі таңда Заречныйда 251 тұрғын үй, сондай-ақ мектеп пен арнайы нысан бар. Тұрғындарды көшіру үшін Жас Өркен шағын ауданында және Уәлиханов көшесінде, IT-лицей ауданына жақын жерде екі көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Барлық тұрғындар толық көшірілгеннен кейін мектеп ғимараты қайта бейімделеді. Осы орайда, егер сіздерде мектепке қатысты ұсыныстарыңыз болса, тыңдауға әзірмін. Сонымен қатар, жаңа түзеу мекемесінің құрылысы бойынша жоба әзірленіп, оған арналған жер учаскесі де белгіленді», – деп мәлімдеді қала әкімі.