Петропавл қаласында «Қарасай» стадионында жол қозғалысының жас инспекторларының 30-шы облыстық слёті өтті
Петропавл қаласындағы «Қарасай» стадионында жол қозғалысының жас инспекторларының 30-шы облыстық слёті өтті. Оған аудан мектептерінен және қалалық мектептен құралған 14 команда қатысты. Бұл байқау жол қауіпсіздігі бойынша білімдері мен дағдыларын көрсеткен қатысушылар үшін айшықты оқиғаға айналды, деп хабарлайды QZ News.
Биылғы жылы оқушылар бірнеше номинация бойынша бақ сынады: «Үздік жас санитар», «Велосипедті фигуралы жүргізу», «Жол қозғалысы ережелерін білгірлер» және «Жас реттеуші». Бұл бағыттардың барлығы балалардың жол ережелерін сақтау жауапкершілігін қалыптастыруға және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге дайын болуға бағытталған.
«Біз балаларға жолдағы қауіпсіздік мәдениетін сіңіруге тырысамыз. Олар тек мұқият жаяу жүргінші мен жүргізуші ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз жол ортасын қалыптастыруға белсенді қатысушы болуы керек. Мұндай жарыстар балаларға жол қозғалысы ережелерін тереңірек меңгеруге ғана емес, сонымен қатар оларды шынайы жағдайларда қолдануды үйренуге мүмкіндік береді. Осындай іс-шаралар арқылы балалар өздерінің ғана емес, айналасындағылардың да қауіпсіздігі үшін жауапты екенін түсіне бастайды», – деді СҚО ПД ӘПБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азамат Жамұқов.
Мамлют ауданынан келген команда бұл байқауға белсенді дайындалып, жақсы нәтиже көрсетуде. Команда мүшелерінің бірі – Алёна Ковальчук жолда дұрыс әрекет етуді үйренудің маңыздылығын атап өтті.
«Маған осы үйірмеге қатысқан қатты ұнайды. Әр қатысқан сайын жаңа нәрселер үйренемін. Командамызбен жарыстарға дайындалғанда, білімім тереңдеп келе жатқанын сеземін. Жолда жүру ережелерін сақтау – тек өзім үшін емес, айналамдағылар үшін де маңызды екенін түсіне бастадым. Ең ұнайтыны – біз бұл сабақтарда әртүрлі жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйренеміз: алғашқы көмек көрсету, басқа қатысушыларға көмектесу немесе жолда дұрыс жүріп-тұру секілді», – дейді Алёна.
Есіл ауданынан келген Давид Деревянкиннің отбасында атасы мен әкесі құқық қорғау саласынде қызмет етеді.
«Атам мен әкем – полиция қызметкерлері, және мен олармен мақтанамын. Өскенде, мүмкін, мен де полицияға барамын. Бұл жарыстар мен үшін тек білімімді көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар осы мамандық туралы көбірек білуге жол ашады», – дейді Давид.
Слёт соңында жеңімпаз команда анықталып, ол тамыз айында Шығыс Қазақстан облысында өтетін республикалық слётте өңір намысын қорғайтын болады.