Петропавлда аты аңызға айналған артиллеристің құрметіне аталған көше ретке келтірілді
Жеңіс күні қарсаңында Петропавл қаласында Кеңес Одағының Батыры Виктор Булавскийдің құрметіне арналған абаттандыру акциясы өтті. Сенбілік дәстүрлі «Таза бейсенбі» экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылып, оған «AMANAT» партиясының белсенділері, жастар және ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды QZ News.
Қатысушылар аты аңызға айналған артиллерист, Совет-Фин соғысында ерлікпен қаза тапқан лейтенант Виктор Булавскийдің есімі берілген көшеде тазалық жұмыстарын жүргізді. Оның есімі Коломна артиллерия училищесінің мәңгілік тізіміне енген.
Бұл бастаманың маңыздылығы – Виктор Булавскийдің Петропавл қаласымен тікелей байланысы бар. Ол дәл осы қалада орта мектепті бітірген және ерлікке толы жолы осы жерден бастау алған. Ол артиллерия отын нақты бағыттап, жаудың негізгі атыс нүктесін жойып, шабуылдың сәтті жүзеге асуына ықпал етті. Бүгінде оның есімі Петропавл мен Санкт-Петербург қалаларындағы көшелерге берілген, ал өзі оқыған №2 мектеп ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған.
«Біз тек аумақты тазалап жатқан жоқпыз, бейбіт болашақ үшін өмірін қиған адамның рухына құрмет көрсетудеміз. Бұл – ерлік пен адалдықтың, азаматтық борыштың жарқын үлгісі. Жаңа ұрпақ дәл осындай тұлғалар арқылы тәрбиеленеді. Виктор Булавский – жай ғана есім емес, ол – нағыз батырлықтың символы. Оның дәл осы қалада оқығаны біз үшін ерекше мақтаныш», – деді «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.
Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында осындай игі істерге атсалысатын жастардың қатары артып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осындай сенбілік шаралары – ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын және ұлы ерлікті есте сақтауға сеп болатын маңызды бастамалар.