Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

Петропавлда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

September 21, 2026 13:00

 

Петропавлдағы сенбілік кезінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірде жаңа спорт нысандарын салу жоспарлары туралы айтты. Әңгіме тек ірі спорт ареналары туралы емес, сонымен қатар оларға қатынауды қамтамасыз ететін жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде де болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Ірі жобалардың бірі – құрылысы басталып кеткен әмбебап спорт аренасы. Өңір басшысының айтуынша, нысанның құны 30 млрд теңгені құрайды, ал жалпы аумағы 26 мың шаршы метрден асады.

«Мұнда 5 мың адамға арналған трибуна, 50 және 25 метрлік бассейндер, көркем гимнастика залы болады. Құрылысы басталып кетті», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Тағы бір ауқымды нысан – мұз аренасы.

«Мен уәде еткен мұз аренасы да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынады. Инженерлік коммуникацияларымен бірге жобаның құны 23 млрд теңгені құрайды. Нысанның құрылысы да басталды», – деді облыс әкімі.

Аренада екі хоккей алаңы және керлингке арналған үш алаң болады. Сондай-ақ өңірде бұрын болмаған ұзындығы 400 метрлік конькимен жүгіру жолы қарастырылған. Ғауез Нұрмұхамбетов мұндай нысан салу мәселесі спортшылармен бірнеше жыл бұрын талқыланғанын атап өтті.

«Мұнда барлығы әлемдік стандарттарға сай болады. Ол жерде халықаралық жарыстар өткізе аламыз», – деді өңір басшысы.

Мұз айдындарынан бөлек, кешенде фитнес-аймақтар мен басқа да спорттық кеңістіктер қарастырылған. Екі ірі нысанның құрылысы жол инфрақұрылымын да дамытуды талап етеді.

«Осы екі үлкен спорт сарайы салынған кезде, әрине, Қизатов көшесі тар өткелге айналады. Көліктер жүріп өтеді, бірақ кептеліс болады. Сондықтан келесі жылы жолды төрт жолаққа дейін кеңейтуді жоспарлаймыз», – деді әкім.

Жолды кеңейту жобасының құны 15 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Тағы бір спорт нысаны «Береке» шағынауданы маңындағы Сенная көшесінде салынады деп жоспарлануда. Қазір жабық футбол стадионының жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Жоба 100 орындық футбол академиясын, 5 мың көрерменге арналған жабық стадионды және екі стандартты футбол алаңын қамтиды. Оның бірі манеждің ішінде, екіншісі ашық алаңда орналасады.

«Сондықтан бұл жоба, менің ойымша, қарашаның соңында немесе желтоқсанның басында дайын болады. Келесі жылы өзім уәде еткендей, үшінші жобаны бастап кетеміз», – деді облыс әкімі.

Әкім спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Ауқымды жобаларды жүзеге асыру айтарлықтай күш-жігерді қажет етеді. Дегенмен тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау өңірлік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

«Оңай емес. Қиын, ауыр. Барлық жерде қиындық бар. Жұмысқа кірісіп, оны атқару керек. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындап, Президент талап еткендей, халқымызға қолайлы жағдай жасауымыз қажет», – деді СҚО әкімі.

Shares