Петропавлда оқушыларға шабуыл жасаған тоғызыншы сынып оқушысына үкім шықты
Петропавлда осы жылдың ақпан айында №4 орта мектеп оқушыларына шабуыл жасаған тоғызыншы сынып оқушысына үкім шықты. Кәмелетке толмағанның ісі арнайы шақыртылған жандардың қатысуымен қаралды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
№4 орта мектеп оқушыларына қатарластарының бірі шабуыл жасағаны бүкіл елді дүр сілкіндірді. Еске салайық, 13 ақпанда сағат 7:50-де 9-сынып оқушысы сөмкесіне пышақ пен ас үй балтасын салған күйі мектепке кірген. Екінші қабатқа көтеріліп, дәретханаға кіріп, киімін ауыстырып, бетперде таққан. Осыдан кейін дәлізге шығып, бірнеше 9-10-сынып оқушысына шабуыл жасады.
Өзге оқушылар мұғаліммен бірге шабуылдаушыны тоқтатып, оны ұстай алды. Зардап шеккен оқушылар бас пен білектен жарақат алды. Балаларға жедел түрде қажетті көмек көрсетілді.
Тоғызыншы сынып оқушысы бірден ұсталды. Тергеу ҚР ҚК “Кісі өлтіруге оқталу” бабы бойынша бірнеше ай жүргізілді.
Тергеу барысы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың бақылауына алынды. Резонанстық жағдайдан кейін еліміздегі барлық оқу орнында мамандандырылған күзеттің бар-жоғына тексеру жүргізілді.
Тергеу кезінде жасөспірім алдымен УҰИ ұсталды, содан кейін тергеу изоляторына ауыстырылды. Көп кешікпей, кәмелетке толмаған баланың “Депрессия” диагнозымен психиатриялық есепте тұрғаны белгілі болды. Ол (22.10.2022) жылдан бастап Алматыдағы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында стационарлық емделуде болған. Одан (23.11.2022) жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуды жалғастыру ұсынысымен шығарылған. Мектеп мұғалімдері күдіктінің қатарластары тарапынан қорланғанын мойындады.
Қыркүйек айында СҚО полиция департаменті Петропавлдағы орта мектеп оқушыларына жасалған шабуыл фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс негізінде тергеу аяқталғанын және іс прокуратураға одан әрі сотқа жолдау үшін берілгенін мәлімдеді.
Жасөспірімнің ісі 13 қазаннан бастап СҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық режимде қарала бастады.
Үкім: оқушы 6 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды. Ол жазаны кәмелетке толмағандарға арналған қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.