Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда WorldSkills-2025 чемпионатының өңірлік кезеңі өтіп жатыр

Петропавлда WorldSkills-2025 чемпионатының өңірлік кезеңі өтіп жатыр

Петропавл қаласындағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі базасында WorldSkills-2025 өңірлік чемпионаты басталды. Чемпионат 9 құзыреттілік бойынша өтуде: сантехника және жылыту жүйелері, аспаздық, кірпіш қалау, дәнекерлеу технологиялары, плиткамен қаптау, ағаш ұстасы ісі, сырлау және декоративті жұмыстар, бухгалтерлік есеп және кондитерлік іс, деп хабарлайды QZ News.

Чемпионатқа Солтүстік Қазақстан облысының 13 колледжінен 100-ге жуық студент қатысып жатыр – бұл оқу орындарындағы іріктеу кезеңінен өткен жеңімпаздар. Биыл алғаш рет өңірде «Бухгалтерлік есеп» құзыреттілігі бойынша жарыс өткізілуде. Қатысушылар компьютерде бірнеше тапсырмаларды орындауы қажет.

«Бүгінде тек теориялық білімі бар емес, сонымен қатар практикалық дағдыға ие мамандар сұранысқа ие. Студенттердің жұмысын әлеуметтік серіктестер мен М.Қозыбаев атындағы СҚУ оқытушыларынан құралған тәуелсіз сарапшылар бағалайды. Мен сенімдімін, бұл қатысушылар – ертеңгі күні СҚО-ның кәсіби бухгалтерлік қауымдастығын қалыптастыратын жастар», – дейді сарапшы Сауле Ерханова.

ЖҚЭК студенті Владимир Шпак бала кезінен математика мен есептеулерге қызыққан. Оның айтуынша, логикалық ойлау қабілеті жақсы дамыған, ол үнемі бірдеңені есептеп, салыстырып, кіріс пен шығысты талдауға әуес болған.

«Жақсылап дайындалдым. Жанымда отырған басқа қатысушылармен бірге дайындалып, түрлі тапсырмаларды шештік. Қорқыныш әрқашан болады, бірақ менде оны жеңіп, маңызды оқиғаға сабырмен қарау қасиеті бар», – дейді Владимир.

Сондай-ақ, жарыста болашақ құрылысшылар да өз шеберліктерін көрсетуде. ЖҚЭК өндірістік оқыту шебері Никита Христосовтың айтуынша, қатысушыларға тапсырма беріліп, оны 7 сағат ішінде орындау қажет.

«Қатысушылар тапсырма бойынша екі түрлі кірпіш – бір қабатты және жартылай қабатты пайдаланады. Тік және көлденең қалау жасалады. Сонымен қатар жарты шеңбер түріндегі элемент бар. Ол арнайы станокта қиылады, яғни кірпішті кесу сапасы да бағаланады. Осы барлық аспектілер сарапшылар тарапынан ескеріледі», – деді Никита Христосов.

Болашақ аспаздар үшін де тапсырмалар оңай емес. Студенттер WorldSkills стандартына сай еттен ыстық тағам мен үш түрлі пирожныйдан тұратын фуршеттік десерт әзірлеуі тиіс. ЖҚЭК технологиялық бөлімінің меңгерушісі Наталья Кельбаның айтуынша, бұл – жастар үшін өздерін көрсетуге керемет мүмкіндік.

«Ыстық тағамды әзірлеуге – бір жарым сағат, десерттерге – екі жарым сағат беріледі. Жалпы, аспаздық құзыреттілік бойынша чемпионат 4 сағатқа созылады. Дәм сапасын, безендірілуін, сыртқы көрінісі мен иісін әлеуметтік серіктестерден құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды. Ал колледж өкілдері санитарлық жағдайды, қауіпсіздік техникасын сақтау, қалдықтарды есепке алу, жеке гигиена секілді аспектілерді бағалайды», – дейді Наталья Кельба.

«Арасында бірден байқалатын талантты, өніммен жұмыс істеуден қорықпайтын жастар бар. Жаңадан бастаушылар да кездеседі. Ең бастысы – ниет пен еңбекқорлық. Қалғаны кейін келеді. Қазірдің өзінде кәсібилігін көрсетіп жүрген жастарға рестораторлардың назарын аударамын. Арамызда нағыз дарындар бар. Оларды қолдау, дамыту, мамандығымызды насихаттау, жарыстарға жиі қатыстыру қажет. Өз тәжірибемнен білемін – жарыстар көп дамуға және тәжірибе жинауға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Бас-аспаздар қауымдастығының мүшесі, халықаралық деңгейдегі шебер Юрий Дубинин.

Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталады, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады. Ең үздіктер республикалық WorldSkills чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады.

Shares