Петропавлда Жуков көшесіндегі коллекторды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын
Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев халықпен есептік кездесу барысында қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту туралы баяндады, деп хабарлайды QZ News.
Қала басшысы Тоқсан би мен Абай көшелеріндегі кәріз коллекторының істен шыққанын еске салды. Бұл жағдай қар еріген кезде су көлемінің артуынан орын алды. Сол кезде қаланың орталық бөлігіндегі тұрғын үйлердің жертөлелерін су басқан болатын.
«Төтенше жағдай режимі жарияланды. Апаттың салдарын жою үшін Абай, Тоқсан би және Гоголь көшелеріндегі кәріз коллекторы 3,4 шақырымға жөнделді. Қазіргі уақытта “Қызылжар су” ЖШС қалалық коллектордың үздіксіз жұмысын бақылап отыр. Сонымен қатар, 1956 жылы салынған Жуков көшесіндегі коллекторды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл коллектор қаладағы бірнеше шағын ауданның ағынды суларын жинайды, шамамен 80 көпқабатты тұрғын үйге қызмет көрсетеді. Жалпы 700 метр құбырды ауыстыру жоспарланған, оның 600 метрі қазірдің өзінде салынған. Жөндеу жұмыстары жалғасуда», – деді Серік Мұхамедиев.
Сондай-ақ, қала әкімінің айтуынша, биыл «СК ЭЖТК» АҚ ұзындығы 10,9 км болатын 10 кВ әуе желілерін жөндеу, 259 метрлік 0,4-10 кВ кабель желісін 80 муфта мен жалғау элементтерін ауыстыра отырып жаңарту, сондай-ақ 7 трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қаланың коммуналдық меншігіндегі желілерде ұзындығы 15 км болатын кабельдік және әуе желілерін жөндеу, 110/10 кВ «Солтүстік» қосалқы станциясын және 3 трансформаторлық қосалқы станцияны жаңарту жұмыстары аяқталды.
Жылу желілерінің тозуын азайту мақсатында 7,5 км жылу желісіне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«№5 жылу магистралін екі жылу желісін біріктіріп, бір желіге ауыстыра отырып, «Орман» сорғы станциясына дейін салу жобасы аяқталды. Бұл жоба қазіргі тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, Орман, Борки шағын аудандарындағы көпқабатты және жеке тұрғын үйлерді, сондай-ақ құрылыс барысындағы Әскери академия ғимаратын және жаңа бизнес нысандарын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Жалпы желінің ұзындығы – 2,9 км. Қазіргі уақытта нысанды пайдалануға беру кезеңі жүріп жатыр», – деді қала әкімі.