Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы алпыс жылдық мерейтойын атап өтуде

Қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы алпыс жылдық мерейтойын атап өтуде

Көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Бұл — облыс орталығындағы ең ірі әрі маңызды медициналық мекемелердің бірі. Жыл сайын мұнда өңірдің түкпір-түкпірінен ондаған мың науқас ем қабылдайды. Ауруханада 570-тен астам маман жұмыс істейді, 12 бөлімше қызмет көрсетеді. Мұнда жоғары санатты дәрігерлер, медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторлары еңбек етуде, деп хабарлайды QZ News.

60 жыл — бұл жай ғана мерейтойлық күн емес. Бұл — жанкешті еңбектің, ұрпақтар сабақтастығы мен Гиппократ антына адалдықтың тұтас тарихы. Бүгінде аурухана — шұғыл және жедел медициналық көмек көрсететін қуатты көпсалалы стационар. Мекеме даму жолын тоқтатпай, озық медициналық технологияларды енгізіп, басты миссиясын — адам өмірін құтқару ісін жалғастырып келеді.

«Аурухана құрылысы 1961 жылы басталып, 1969 жылы аяқталды. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде 800 мыңнан астам операция мен медициналық манипуляциялар жасалды. Жыл өткен сайын мекеменің қызмет ауқымы кеңейіп, медициналық көмектің сапасы арта түсті», — деді көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының директоры Жанна Маутова.

Галина Фёдорова медицина училищесін бітірген соң бірден осы ауруханаға жұмысқа орналасқан. Жедел қызмет зертханасында 44 жыл еңбек етті.

«Медицина — менің өмірімнің бір бөлшегі. Мектепте оқып жүргенде-ақ дәрігерлердің еңбегіне сүйсінетінмін. Зертхананың иісі, аурухана атмосферасы өзіне тартып тұратын. Мектепті бітірген соң ақ халат киюді мақсат тұтып, медицина жолын таңдадым», — деп еске алады Галина Фёдорова.

Дәрігерлер мен медбикелер күн сайын адам өмірін аман алып қалуда маңызды рөл атқарады. Алайда аурухана жұмысында көрінбей жүрген, бірақ еңбегі орасан жандар — санитарларды да ұмытпауымыз керек. Рашида Бигидьдинова осы мекемеде 22 жыл еңбек еткен.

«Мен күрделі хирургиялық бөлімде жұмыс істедім. Ұжымымыз өте тату еді, бір-бірімізге үнемі қолдау білдіріп отырдық. Қызым да менің еңбек жолымнан шабыттанып, дәрігер мамандығын таңдады», — дейді Рашида.

60 жылдық мерейтойға орай ауруханада салтанатты іс-шара өтті. Денсаулық сақтау саласының дамуына сіңірген еңбегі, кәсібіне адалдығы мен еңбекқорлығы үшін ондаған қызметкерге Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.

Shares