Қоршаған ортаның ластануы: қатты тұрмыстық қоқыс полигоны басшылары ережелерді сақтамайды
СҚО-ның аумағында бүгінде 11 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының рұқсат қағазы бар. Дегенмен, аймақта рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындар көптеп тіркелуде, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Рұқсат етілмеген үйінділердің бірі Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылы маңында орналасқан. 2021 жылы өтініш негізінде экология департаменті тексеру жүргізіп, онда бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Бескөл ауылдық округінің әкімі 87 000 теңге айыппұл арқалап, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда бұйрықтар орындалмады. Бұл ретте департамент тарапынан қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы талап арыз жіберілді.
«Сот шешімімен Бескөл ауылдық округі әкімінің аппаратына 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін қоршаған ортаны қалпына келтіру, рұқсат етілмеген үйінділерді жою шараларын қабылдау тапсырылды. Алайда, әр түрлі кідірістер орын алды. Ағымдағы жылдың тамыз айында әкім аппаратының мәлімдемесі негізінде сот шешімі 07.01.2025 жылға шегерілді», – деп атап өтті қоғамдық кеңес отырысында.
«Қызылжар Тазалық» ЖШС-нің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына қатысты да тексеру жүргізілді. Комиссия бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 253 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады. Заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарылды. Бірақ олар да заңбұзушылықты жоюды назардан тыс қалдырған.
«Дорожник» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Оның жобалық қуаты 134 400 тоннаны құрайды. Жыл басындағы көмілген қалдықтардың көлемі 70 мың тоннаға жуықтады. 2023 жылы «Дорожник» ЖШС шағымдану негізінде табиғатты қорғау заңнамасының талаптарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Мұнда да заңбұзушылықтар табылды. Басшылық бұйрықты орындады. Соған қарамастан ол жалпы сомасы 345 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болды.
«Мобильді жұмыс тобы қызметкерлері тексеріс барысында Петропавлда 33 рұқсат етілмеген қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісін тіркеді. Қызылжар ауданында 13, Жамбыл және Есілде 1, Мамлютте 12 осындай алаң бар. Бүгінгі күні мобильді топ анықтаған 60 тұрмыстық қалдықтар үйіндісінің ішінде 26-сы жойылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда», – деп қорытындылады қоғамдық кеңес қатысушылары.