Серік Мұхамедиев сүрілген үй иелеріне арналған проблемалы пәтерлерге қатысты жағдайға түсініктеме берді
Петропавлда ескі үйлерді сүріп, жаңаларын салу бағдарламасы жалғасуда. «Жас өркен», «Орталық», «Береке», «Қопай» ықшам аудандары облыс орталығын дамытудың перспективалы аумақтары болып қала береді. Мұнда тозығы жеткен және ескі үйлердің орнына элиталық және стильді зәулім үйлер бой көтеруде. Тұрғын үй иелері бұрынғыдай жаңа үйден баспана немесе өтемақы алуға құқылы. Қаланың түкпір-түкпірінде үйлері сүрілгелі жатқан жандарға берілуі тиіс 20-ға жуық пәтерге қатысты келеңсіз жағдай орын алып отыр. Жер үйді пәтерге ауыстыруды ұйғарған қала тұрғындары өздеріне баспана тауып, риэлторлармен келісіп, сатушыға қомақты ақшасын берген. Бірақ әкімдік техникалық шарттарды өзгерту үшін конкурсты тоқтатты. Оған себеп бір шаршы метрдің бағасы, деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі.
Қала тұрғындарын сабырға шақыру үшін Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев блогер әрі журналист Төлеген Имановқа сұхбат берді. Сұхбатта мән-жайды түсіндірді, сонымен қатар мәселенің қалай шешілетінін баяндады.
«Біз тұрғын үй нарығындағы бағаға, атап айтқанда әр шаршы метрге талдау жасадық. Бағаның өскендігін білдік. Өткен жылы бұл құн өзекті болған шығар, бірақ биыл ол өзекті емес. Мен пәтер сатушылармен кездесіп, қалта көтерерлік баға сұрауларын айтуға тырыстым. Олар үйдің бір шаршы метрі үшін 380-388 мың теңге сұрап тұр. Бұл өте қымбат. Көпқабатты үй салып жатқан бизнесмендер пәтерлерін шаршы метрін 300 мың теңгеден сатуға дайын. Әңгіме «Жас өркенде» салынып жатқан жаңа үйлер жайында»,- деді қала әкімі.
Қала әкімі халықпен де кездескенін айтты. Қазірдің өзінде 16-ға жуық адам жаңа үйлерден баспана алғысы келеді екен. Басқалары әлі өз келісімдерін бермепті.
«Тұрғындардың айтатындары әртүрлі. Бірі аудан, енді бірі басқа себеппен келісімдерін бермеуде. Еш қарсылығым жоқ. Сатушылар ойға қонымды баға берсе, біз сатып алуға дайынбыз. Егер қазір конкурстан бас тартсақ, онда мен дайын құжаттамамен 101 пәтерді сатып алуға жаңа конкурс жариялаймын. Бұл пәтерлер орналасатын тұрғын үйдің іші әрленбеген, бірақ оны сататын кәсіпкер оны әрленген деңгейге дейін жеткізуі керек. Бұл бір ай уақытты алады, қыркүйек айының соңына дейін пәтерлер дайын болады. Мен тұрғындарыдың жағдайын түсінемін, қыс келе жатыр, көбісі пәтер мәселесіне нүкте қойғысы келеді. Егер тұрғындар осы үйден пәтер алуға келісетін болса, онда біз бұл бағытта жұмыс істейміз және тұрғындар жылыту маусымына дейін баспана алып үлгереді», – деді Серік Мұхамедиев.
Сондай-ақ, қала басшысы пәтер алу жағдайында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алуы мүмкін екенін атап өтті. Атап айтқанда, әкімдік қызметкерлері тарапынан.
«Пәтерді ең жоғары бағамен сатып алуға келісе отырып, біреу қалтаға ақша түсіріп, қылмыс жасауы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін құрамында облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері бар комиссия құрдық. Біз пәтер сатып алар алдында мен комиссия мүшелерін жинап, қандай бағамен сатып алатындығымызды талқылаймыз», – деді қала әкім.
Серік Мұхамедиев халықпен кездесіп, пәтерді өздері таңдауды ұсыныс білдіргенде облыс орталығы басшылығы тығырыққа тірелгенін атап өтті. Себебі, тұрғындар бағалары “күйіп” тұрған үйлерді таңдайды.
«Олардың баға бойынша келісуге құқығы жоқ, өйткені сатып алушы – мемлекет. Біз (әкімдік) қандай да бір кепіл бере алмаймыз. Өйткені бұл конкурстық процедура. Біз конкурс жариялаймыз, бірақ бұл қандай да бір сатушы жеңеді деген сөз емес. Кепілді алған сатушы тарапынан бұл бұзушылық болып табылады. Кепіл берген адамдар оны заңды түрде қайтара алады. Біз өз тарапымыздан заңгерлік кеңес беруге дайынбыз. Сотқа да, прокуратураға да жүгінуге болады», – деді қала әкімі.
Облыс орталығының әкімі алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ғана емес, сондай-ақ осыған ұқсас жағдайларды болдырмау үшін пәтерлер мен үйлердің құнын бағалайтын кәсіби компания жалға алынатынын атап өтті.