«Serpin Way» керуенінің командасы Петропавлға оралды
Петропавл қаласына «Serpin Way» керуенінің командасы оралды. Олар Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне жасаған сапарын аяқтады. Сапар барысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде баяндалды, деп хабарлайды QZ News.
Еске сала кетейік, елімізде алғаш рет Kozybayev University-дің брендтелген автобусы университет ұжымымен бірге оңтүстік өңірлерге кәсіби бағдарлау турына шықты. Арнайы маршрут жасалып, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының мүмкіндігінше көп мектеп оқушыларына еліміздің солтүстік университетінде оқу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беру көзделді.
Республикалық «Серпін» жобалық кеңсесінің төрағасы Әділхан Дүйсебектің айтуынша, команда алдын ала бекітілген бағыт бойынша барлық елді мекендерге барып, 5500 шақырым жол жүрген.
«Бірде-бір іс-шара тоқтатылған немесе кейінге қалдырылған жоқ. Барлық кездесулер жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды өтті. Керуен жұмысы барысында мектеп бітіруші түлектермен және тұрғындармен шамамен 40 кездесу өтті. Біз оқушылармен, ата-аналармен, кәсіби бағдар берушілермен сөйлестік, ақпараттық буклеттер мен парақшалар тараттық – әрбір өңірде шынайы қызығушылық пен жылылықты сезіндік», – деді Әділхан Дүйсебек.
Бүгінде Kozybayev University-де «Серпін» бағдарламасы бойынша 167 студент білім алуда, олардың 65-і биыл оқуын аяқтайды. Түлектерді жұмыспен қамту мақсатында дуальді оқыту ұйымдастырылып, өңірдің ірі жұмыс берушілерімен 300-ден астам келісімшарт жасалған. Сондай-ақ студенттерді қолдау мақсатында «Серпін қолдау» орталығы ашылып, білім алушылармен оқу басталған сәттен бастап жұмысқа орналасқанға дейін жеке жұмыс жүргізіледі. Kozybayev University «Серпін» бағдарламасы түлектеріне оқу бітіргеннен кейінгі алғашқы жылы жатақханадан орын беру туралы бастама көтерді. Бұл оларға тұрғын үй мәселесін шешуге уақыт береді.