Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Солтүстікқазақстандық азамат өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Солтүстікқазақстандық азамат өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Петропавлда төрт жастағы інісін, өзінің азаматтық некедегі әйелі және оның бір жастағы қызын аса қатыгездікпен өлтіріп, қылмысты жасыру мақсатында өрт қойған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды QZ News Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін оны алқабилер соты ақтап шыққан болатын. Қайғылы оқиға 2023 жылдың қыркүйегінде Петропавл қаласының шағын аудандарының біріндегі жеке үйде орын алды. Өрт кезінде жас әйел мен екі кішкентай бала – бір жастағы қыз бен төрт жастағы ұл мерт болды. Тірі қалған жалғыз ер адам өз сөзінде оттан отбасын құтқара алмағанын, соңғы сәтте терезені сындырып әрең шығып үлгергенін айтқан.

Алайда бір айдан кейін ол кісі өлтіру күдігімен ұсталды. Күдікке ілінуіне мәйіттерге жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижелері себеп болды. Сарапшылар балалар өрт басталмай тұрып көз жұмғанын анықтады. Сонымен қатар, бір жастағы қыздың өмірде болған кезінде ауыр бас-ми жарақатын алғаны белгілі болды.

Бұл іс 2024 жылдың наурызынан бастап СҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында алқабилердің қатысуымен қаралды.

Мемлекеттік айыптаушы соттан және алқабилерден айыпталушыны дәрменсіз күйдегі екі немесе одан да көп адамды аса қатыгездікпен өлтіргені үшін, сондай-ақ кәмелетке толмағанды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамады.

2024 жылдың 5 қыркүйегінде алқабилер қатысқан сот оны кінәсіз деп танып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақтады. Ол сот залынан босатылды.

Алайда 2024 жылдың 6 қарашасында облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы алқабилерді іріктеу барысында заң бұзушылықтар болғанын айтып, үкімді жойып, істі қайта қарауға жіберді.

Жаңа сот отырысы басқа құраммен және жаңа алқабилермен өтті. Айыпталушының анасы, өзі және қорғаушылары кінәсіздігін дәлелдеуге тырысты. Ал марқұм әйелдің анасы оның кінәлі екеніне сенімді екенін айтты.

2025 жылдың 12 мамырында алқабилер қатысқан сот жаңа үкім шығарды:

«Айыпталушыны кінәлі деп танып, жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыруды тағайындау. Жазасын өтеу орны ретінде аса қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесін белгілеу. Сонымен қатар, жазасын өтеу орнында алкоголизмнен мәжбүрлі түрде емдеу тағайындалсын. Айыпталушыға қатысты «елден кетпеу және тиісті мінез-құлық» бұлтартпау шарасы қамауға алуға ауыстырылып, ол сот залында дереу қамауға алынсын», – деп үкімді судья Ерлан Нұршәріпов жария етті.

Үкім жарияланғаннан кейін сотталған азамат: «Алқабилер кінәсіз адамды соттады», – деп мәлімдеді.

Shares