СҚО бойынша ҚАЖД 15 ұлттың өкілі қызмет етеді
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті – түрлі мәдениеттердің бірлікте, жарасымды қызмет етіп жатқандығының жарқын үлгісі. Мұнда он бес ұлттың өкілі заңның орындалуын бірге қадағалап, қызметтік міндеттерді тиімді атқаруға және қазақстандық қоғамның бірлігін нығайтуға ықпал ететін күш екенін дәлелдеп отыр, деп хабарлайды QZ News.
Петропавл қаласындағы №50 мекемеде әділет старшинасы Федор Смирнов қызмет етеді. Ұлты – орыс, бірақ мемлекеттік тілді еркін меңгерген.
«Мен ауылда туып-өстім. Балалық шағым түгелдей дерлік қазақтар арасында өтті. Қазақ тілін мектеп кезінен бастап үйрене бастадым. Кейін әскерде жүргенде де тіл үйренуіме әріптестерім көмектесті. Мен әрқашан “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген сөзді ұстанамын», – дейді Федор.
Ол мемлекеттік тілді меңгеруге байланысты түрлі іс-шараларға белсенді қатысып, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Әділет аға лейтенанты Полина Тухбатуллина – татар қызы. Бала кезінен погон киюді армандаған ол мектептен кейін ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсіп, сол жерде біртіндеп қазақ тілін үйрене бастаған. Қазіргі таңда ол Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның №1 пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы қызметін атқарады.
Күрд ұлтының өкілі- кіші сержант Ахмет Мустафаев. Ол 2005 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 2020 жылы Шымкент қаласындағы мектепті, ал 2024 жылы Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжін «Төтенше жағдайларда қорғау» мамандығы бойынша тәмамдаған. Туған күрд тілімен қатар қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген. Қазіргі таңда №52 мекеменің режим бөлімшесіне қарасты ақпараттандыру және байланыс тобының бақылаушысы болып қызмет етеді.
«Біздің салт-дәстүріміз, тіліміз, мәдениетіміз әртүрлі болғанымен, әрқайсымыз Қазақстанды өзіміздің Отанымыз деп санаймыз. Сонымен қатар өз тегімізді де ұмытпаймыз. Басты міндетіміз – ел мен халық игілігіне қызмет ету», – деп қорытындылады Ахмет Мустафаев.