СҚО-да саяси қуғын-сүргін құрбандарына 84 миллион теңге бөлінді
31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл қолдау облыс әкімдігінің 2023 жылғы 4 желтоқсандағы №233 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады, деп хабарлайды QZ News.
Биыл бұл көмекті 2092 адам алды. Осы мақсатқа бюджеттен 84 миллион теңге бөлінді. Саяси қуғын-сүргінге тікелей ұшыраған азаматтарға 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде төлем беріледі.
Ал ата-аналарымен бірге түрмеде, жер аударуда немесе арнайы қоныстандыру орындарында болған, не саяси қуғын-сүргін салдарынан бір немесе екі ата-анасынан айырылған азаматтар 10 АЕК мөлшерінде көмек алады. Әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беру немесе құжат жинау талап етілмейді — төлемдер уәкілетті органдар дайындаған алдын ала тізімдер бойынша жүргізіледі.
Мұндай қолдау — бұл тек материалдық көмек емес, сонымен қатар тарихтың қиын кезеңдерінде зардап шеккен жандарға деген құрмет пен тағзымның маңызды белгісі.