СҚО-да жыл басынан бері үш бала жол апатынан қаза тапты
Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 7 айда кәмелетке толмағандардың қатысуымен 44 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 3бала қаза тауып, 48-і әртүрлі ауырлықтағы жарақаттар алды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
«Бұл ретте жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтарын анықтау және профилактикалық әңгімелер жүргізу жеткіліксіз, сондықтан барлық мүдделі тараптар күш біріктіріп, кешенді жұмыстар жүргізуі қажет»,- деп атап өтті СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов.
Оқу жылы қарсаңында тәртіп сақшылары білім ошақтары маңында мектеп оқушыларының қауіпсіздігі мәселесін талқылады. Қауіпті барынша азайту үшін оқу орындары жанында жасанды дөңестер мен жаяу жүргіншілер өткелдерін әзірлеу қажет.
«Петропавл қаласының аумағында жалпы білім беретін 41 және мектепке дейінгі 35 білім ошағы орналасқан. 10-17 тамыз аралығында полиция қызметкерлері балалар мекемелеріне іргелес жатқан көше-жол желісіне тексеру жүргізді. Қазіргі уақытта Петропавл қаласында тек 19 учаске жасанды кедергілермен жабдықталғаны анықталды»,- деп атап өтті СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Отырыс соңында консультативтік-кеңесші орган мүшелері қаламызда көбейіп жатқан электрлі скутер жүргізушілері арасында жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуды күшейтуді ұсынды.