Ұлттық ұлан курсанттарына Тепличное ауылының тұрғындары тасқын кезіндегі көмегі үшін алғыс білдірді
Қызылжар ауданының Тепличное ауылының тұрғындары көктемгі су тасқыны кезінде көрсеткен баға жетпес көмегі үшін ҚР ІІМ Ұлттық ұланы академиясының курсанттарына алғыс білдірді, деп хабарлайды QZ News.
Биыл көктемде өңірде тұрғын үйлер мен инфрақұрылымға қауіп төндірген су тасқыны орын алды. Тасқынмен күресу және бөгеттерді бекіту үшін Тепличное ауылына жедел түрде Академия курсанттары мен Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері жіберілді. Олар төтенше жағдайлар департаментімен, полициямен және жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс атқарды.
Құтқару жұмыстары барысында 250 мыңнан астам қап құм дайындалды. Бұл жұмыстарға 800 курсант қатысып, төрт ауысыммен тынымсыз еңбек етті.
Ұлттық ұлан академиясының бастығы Артур Токушев тасқын салдарын жоюға қатысу курсанттар үшін «өмірлік және кәсіби үлкен сынақ болғанын» атап өтті. Ол: «Жігіттер шыдамдылық, тәртіп пен қиын сәтте көмекке келуге дайын екендіктерін көрсетті», – деді.
Курсанттардың орасан зор еңбегі мен үйлесімді әрекеттері ауылдың тұрғын үйлері мен инфрақұрылымын су басудан сақтап қалуға мүмкіндік берді. Олардың еңбегі елеусіз қалмады: тасқын кезеңі аяқталған соң, ауыл тұрғындары курсанттарға алғыс айтып, ризашылық белгісі ретінде сегіз музыкалық колонка табыс етті.
«Бұл жігіттер күндіз-түні, жаңбыр мен желге қарамай тынымсыз еңбек етті. Олардың арқасында біз бұл қиындықты еңсере алдық. Академия басшылығына және әр курсантқа шын жүректен алғысымызды білдіреміз», – деп бөлісті Тепличное ауылының тұрғыны Руслан Мырзабай.