Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО Мамлют ауданында кәсіпкер форель шаруашылығын табысты дамытуда

СҚО Мамлют ауданында кәсіпкер форель шаруашылығын табысты дамытуда

2019 жылы Мамлют ауданында форель өсіру цехы жұмысын бастады. Бұл жобаның күрделі, бірақ қызықты тарихы бар. Оны QZ Media ақпараттық агенттігінің тілшісіне Александр Ухов айтып берді. Кәсіпкер және балық өсірушінің бизнесті дамытуға байланысты жоспарлары бар.

“Біз жобаны 2015 жылы бастадық, сол кезде грант ұтып алдым – 3 млн теңге. Қаржыландырудың болмауына байланысты жоба уақытша тоқтатылды. 2019 жылы кемпірқосақ форельінің уылдырығын қайтадан әкеліп, аналық табын құра бастадық. Өткен және биылғы жылы аналық табыннан уылдырық аздап алынды. Сонымен қатар, шарбақтық шаруашылықтың жобасы жасалды, бірақ өткен жылы аптап ыстықтың салдарынан 6 тонна форель өліп қалды. Жайылымдық балық өсіру жобасы бар, онда да кемпірқосақ форельін өсіреміз, бірақ балық әлі тауарлық салмаққа жеткен жоқ”, – деді “Ухов” ЖК директоры Александр Ухов.

Биыл балық өсіруші 100 мыңға жуық уылдырық жинай алды. Кейбірі өсіру үшін арнайы орындарға жіберілді. Қалған уылдырық көлдегі балықты көбейтуге босатылды.

“Бізге су қоймалары бекітілген. Кәсіпорында білікті жұмысшылар бар, ал балық аулау маусымы басталған кезде жалдамалы балықшылар шақырылады. Тұрақты негізде бізде екі балық өсіруші еңбек етеді. Біздің өндірісте балық өсіру циклінің толық кластері болғанын қалаймын. Аналық табыннан тауарлық балыққа және уылдырық алуға дейін мамандарымыз болса тамаша болар еді. Қазіргі уақытта кәсіпорында соңғы жұмыс – қайта өңдеу жетіспейді. Бұл бағытта қаржыландыру керек, мемлекеттен қолдау алу қажет. Ауыл шаруашылығының шағын ғана бағытында субсидиялар өте аз”, – деді Александр Ухов.

Істегі барлық қиындықтарға қарамастан, Александр форель өсіру болашағы зор бағыт деп санайды. СҚО-да мұндай бизнесті қатал климаттық жағдайларға байланысты құру оңай емес. Мамлют ауданының тұрғыны балықты суық және ыстық қақтау, пресервілеу, жартылай фабрикаттау, консервілеу үшін цехты іске қоспақшы. Ол үшін мемлекеттің қолдауы аса қажет.

“Менің есептеулерім бойынша бұл идеяны іске асыру үшін 100-200 млн теңге қажет. Жоба СҚО-ның және басқа өңірлердің сапалы балық өнімдеріне деген қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде аналық табынмен іске асырылған жоба бар. Бұл өзіне уылдырық дайындауға, бір бөлігін ел ішінде сатуға және Ресей Федерациясына тауар өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді”, – деді “Ухов” ЖК директоры Александр Ухов.

Shares