СҚО педагогтарының Тамыз конференциясына қатысушылар жаңа технологияларды енгізу және оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсарту туралы айтты
Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы педагогтарының Тамыз конференциясы өтті. Бұл жолы жыл сайынғы іс-шара білім беру саласындағы цифрлық инновацияларға арналды. Конференцияға қатысушылар оқу үдерісіне жаңа технологияларды енгізу туралы ғана емес, өзекті мәселелер туралы да айтты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова бүгінде өңірде балабақшалар мен шағын орталықтарға баратын 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың үлесі 93,9% құрайтынын атап өтті. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың жоғары пайызына қарамастан, облыс орталығында кезек сақталып тұр. Бұл – шешілуі тиіс өзекті мәселе.
“Бүгінгі таңда өңірімізде кезек 6 011 баланы құрайды, оның ішінде қала бойынша 4 064 бала тіркелген. Бұл ретте бірінші кезекте қамтылуға жататын 2 жастағы балалар саны – 2 366 бала. Кезекті қысқарту үшін 2024 жылы 300 жаңа орын ашу жоспарланған, бұл балалардың 95% мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті бейінді басқарманың басшысы.
Тамыз конференциясында білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға бағытталған жобалар туралы да айтылды.
“Облыста “Баршаға қолжетімді сапалы білім” Жол картасына енген және қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған бірнеше өңірлік жоба іске қосылды. Бұл “Қала-ауыл” жобасы, оның шеңберінде он үш қалалық мектеп оқу-тәрбие процесінің барлық бағыттары бойынша 41-ші шағын жинақты мектептің тәлімгері болды. 16 пәндік қауымдастық педагогтарының кәсіби өсуіне бағытталған “Бірлік” өңірлік жобасы жұмыс істейді. 3 жылға дейінгі жұмыс өтілі бар жас педагогтар ерекше назарда, оларды қолдау үшін “Жаңа қадам” екі жобасы және “Дебют” конкурсы іске асырылуда”,- деді Айнагүл Сұраганова.
Сапалы материалдық-техникалық базасыз ең тәжірибелі деген мұғалімдерге де жұмыс істеу қиын. Білім басқармасының басшысы екі жыл ішінде 5 мектеп заманауи жабдықтармен жабдықталғанын атап өтті.
“Оқу кабинеттерінің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды, шеберханалар, кітапханалар, асханалар, қосымша білім беру кабинеттері (STEM-зертхана, АРТ-студия, “Интеллектум” кабинеті, телестудия) жабдықталды. Инвестиция сомасы – 1 млрд 250 млн теңге. Бір мектепке 250 млн теңгеден бағытталды. Осы жылдың қыркүйек айында тағы 5 аудан орталығындағы мектептер жабдықталады”, – деді Айнагүл Сұрағанова.
Білім беру сапасын арттыру үшін іс-шаралар кешені дайындалды, оның ішінде цифрлық шешімдер арқылы әзірленгендер бар. 65 ауылдық мектепте Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының және Microsoft компаниясының бірлескен жобасы іске қосылды. Қазірдің өзінде 107 мұғалім оқудан өтті. Astana Hub ұйымымен бірлесіп онлайн-білім беру платформасы іске қосылды. Еdu.astanahub.com оқушыларға жасанды интеллектті қолдана отырып бағдарламалау негіздерін үйретеді. Біздің облыстан жобаға үш мектеп кірді.
“Біз 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдауға бағытталған “Цифрлық мұғалім” жобасын іске қосамыз. Бұл – 729 оқушы, олар үшін облыстың үздік педагогтары онлайн форматта қосымша сабақтар өткізетін болады. Қазіргі уақытта “+1 Илон Маск” қайырымдылық жобасы аясында ауыл оқушыларын компьютерлік техникамен қамтамасыз ету бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. 11 мыңға жуық ауыл баласы цифрлық білім беру платформаларына еркін қол жеткізу үшін ноутбук алады”, – деп атап өтті СҚО білім басқармасының басшысы.
Жыл сайынғы Тамыз конференциясына жарты мыңға жуық педагог қатысты. Олардың жартысы іс-шараға бейне байланыс арқылы қосылды. Дәстүрлі конференция марапаттау рәсімімен аяқталды. Биылғы жылы конкурстық сынақтардан кейін “Орта білім беретін үздік ұйым” атағын Петропавлдың бірінші IT-лицейі жеңіп алды. Оқу орнының директоры өңір басшысы бірінші орынбасарының қолынан 68 млн теңгеге сертификат алды. Барлығы 25 педагог түрлі наградаларға ие болды.