«Иммундаудан кейін жағымсыз әсер тіркелген жоқ»: СҚО СЭБД-да АПВ-ға қарсы екпе жайлы айтылды
2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысында жатыр мойны обыры диагнозымен 52 әйел есепке алынды. 2024 жылдың 9 айында бұл ауру 45 әйелден анықталды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Өңірде 568 әйел жатыр мойны обырынан емделуде. Мұндай мәліметтерді Facebook желісіндегі тікелей эфирде СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов жариялады.
“Адам папилломасы вирусы жатыр мойны обыры дамуының басты себебі болып табылады. АПВ-дан емделу жолы әлі жоқ, вирус тобымен күресудің жалғыз жолы – вакцинация. СҚО-да бүгінгі таңда 464 қыз бала АПВ-ға қарсы егілді. Иммундаудан кейінгі жағымсыз көрініс, әсер тіркелген жоқ. Вакцинация барысында төрт валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады, ол АПВ-ның 4 түрінен қорғайды. Вакцина АҚШ-та өндірілген. Оны тұрғылықты жері бойынша мектепте немесе емханада қоюға болады”, – деді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Адам папилломасы вирусына қарсы жоспарлы егуге 11 жастағы қыздар жатады. Бұдан басқа, 12-13 жастағы мектеп оқушыларын қамтумен де иммундау жүргізіледі. АПВ-дан қорғану үшін вакцинаның екі дозасын араға жарты жыл салып алу қажет.