СҚО-ның әлеуметтік маңызы бар нысандары ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделген бе?
Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық кеңесінде әлеуметтік маңызы бар нысандарды мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу мәселесін көтерілді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста 25 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады: олардың 917-сі мүгедектер арбасын пайдаланады, 3,5 мыңға жуығы – көру, 1064-інде – есту, 6973-інде тірек-қимыл аппаратының зақымдануы бар, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Мүгедектерге арналған нысандардың қолжетімділігі саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар тең мүмкіндіктер мен қоғамға қосылуды қамтамасыз етудің ажырамас бөлігі болып табылады. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ оларды әлеуметтік интеграциялау мақсатында аудандар мен Петропавл қаласының әкімдіктері жыл сайын бейімделуге жататын әлеуметтік маңызы бар объектілердің тізбесін жасайды.
Барлық аудан мен облыс орталығында 14 мониторингтік топ құрылып, оның құрамына жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, сәулет және құрылыс бөлімінің мамандары, әкімдердің мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері жөніндегі кеңесшілері, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді. Ағымдағы жылдың басынан бері 243 рет тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде объектілерді бейімдеу бөлігінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жылжымайтын мүлік иелеріне 217 ұсыныс берілді.
«2021-2023 жылдарға арналған Интерактивті картада облыс бойынша 452 нысан мүгедектердің төрт санатына (мүгедектік арбаға таңылғандар, көру және есту қабілеті бұзылған, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін) толық қолжетімділік мәртебесіне ие. Профилактикалық бақылауды ұйымдастыру үшін аудандардың және Петропавл қаласының жергілікті атқарушы органдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне есепті кезеңде 29 әлеуметтік маңызы бар нысан бойынша белгіленген талаптарды сақтамауына байланысты хат жолдады», – деп атап өтілді қоғамдық кеңес отырысында.
Қалай ойлайсыз, өңірдің әлеуметтік маңызы бар нысандары мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген бе?