Смирново селосында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде барлық өнім сатылды
Смирново селосында дәстүрлі апта сайынғы жәрмеңке өтті. Аудан орталығының тұрғындары үшін 11 ауылдық округтен өнім әкелінді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қаз-қатар тізілген сөрелерде жергілікті өндірушілердің ет және сүт өнімдері ұсынылды. Азық-түліктен басқа шөп, сабан, астық қалдықтары, бидай, сұлы тонналап сатылды.
“Власовка ауылдық округінен 47 литр сүт, 16 кг үй майын, 12 кг сүзбе және қаймақ әкелдік. Барлығы тез арада сатылды”, – деп бөлісті Власовка ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Әлия Ербатырова.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, жәрмеңке әр жұма сайын өткізіледі. Онда Смирново тұрғындары азық-түлікті де, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған тауарларды да қолжетімді бағамен сатып ала алады.