Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Владислав Самуткин: «Жастар жұмысшы мамандықтардан қорықпауы керек»

Владислав Самуткин: «Жастар жұмысшы мамандықтардан қорықпауы керек»

Владислав Самуткин «Raduga KDR» ЖШС-де 12 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мұнда ол жалғыз емес – қасында иық тіресіп бірге жұмыс істейтін ағайындылары да бар, деп хабарлайды QZ News.

Владислав – өндірісте жай ғана жұмыс істемей, осы саламен өмір сүретін адамдардың бірі. «Raduga KDR» компаниясында онымен бірге ағалары Ростислав пен Вячеслав еңбек етеді. Олар арнайы оқу орталығында білім алып, бүгінде кәсіпорынның мықты мамандары. Самуткиндер жай ғана әріптестер емес, бір мақсат пен отбасылық құндылықтар біріктірген нағыз команда.

«Біздің компания еліміздегі ең үздіктердің бірі деуге болады. Біз бір орында тұрмаймыз, үнемі дамып келеміз. Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған – тек еңбек ету керек. Жастар жұмысшы мамандықтардан қорықпауы тиіс. Егер біз мұндай өндірісте жұмыс істемесек, елімізді кім көтереді? Бұл жерде болашақ бар, тұрақтылық бар, ең бастысы – еліңе шын пайда әкеліп жатқаныңды сезінесің», – дейді Владислав.

«Raduga KDR» ЖШС – еліміздегі тұрақты кәсіпорындардың бірі. Компанияның басты бағыттарының бірі – материлдарды қайта өңдеу. Пластикалық бөтелкелер, полиэтилен пакеттер, қағаз – мұның бәріне заманауи технология мен еңбеккерлердің арқасында екінші өмір сыйланады. Бұл тек қана қоқыс көлемін азайтып қоймай, табиғи ресурстарды үнемдеуге және өндірісті экологиялық тұрғыда тиімді етуге жол ашады.

2025 жыл Қазақстанда Президенттің бастамасымен Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл Владислав Самуткин үшін еңбектің мойындалуының белгісі болды. Ол еңбек адамынсыз мықты, экологиялық және бақуатты мемлекет құру мүмкін емес екендігін алға тартады. Владислав жастар үшін еңбекқорлық пен өз ісіне адалдықтың үлгісі. Ол жұмысшы мамандығын таңдау – «таңдау жоқтығынан» емес, үлкен жетістікке жетелейтін саналы шешім деп санайды.

«Қарапайым жұмысшыларға көңіл бөліп жатқан Президентке алғысым шексіз. Бұл – өте маңызды. Бізді көріп, естіп жатқандарын сеземіз. Біз – өндірістің дамуына өз үлесімізді қосып жатқанымызды мақтан тұтамыз», – дейді ол.

Shares