Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » Қозыбаев университеті мен Қр Ұлттық Ұлан Академиясы ұлттық тағамдарды таныстырды

Қозыбаев университеті мен Қр Ұлттық Ұлан Академиясы ұлттық тағамдарды таныстырды

Петропавлда Қозыбаев университетінің студенттері мен ҚР Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары арасында «Наурыз – достық мерекесі!» атты байқау өтті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Қатысушылар 5 командаға бөлінді. Әрқайсысы 6 адамнан тұрды. 3 команда – университеттен, 2 команда – ҚР Ұлттық ұлан Академиясынан. Байқау алдында жеребе тартылды. Сол бойынша шара аясында таныстырылатын ұлттар анықталды.

Толығырақ айтайық. Әр топ түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетін, әдет – ғұрыпын, ең бастысы – ұлттық тағамдарын таныстырды. Командалар қазақ, армян, өзбек, қытай және орыс ұлтының тағамдарын ұсынды.

Білім алушылар тағамдарды ЖОО-ның азық-түлік технологиясы зертханасының базасында алдын ала дайындаған. Жарысқа Агротехнологиялық факультетінің «Азық-түлік қауіпсіздігі» кафедрасының студенттері және Ұлттық ұлан Академиясы қатысты.

“Жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің ішінен қазылар алқасы тағамның дәмін және өзіндік ерекшелігін, санитарлық-гигиеналық нормалардың талаптарына сәйкестігін бағалады. Жеке тағамдардан басқа, әр команда шығыс тәттісін «чак-чак» дайындап, оны ұсынылған ұлттық тағамдардың мәзіріне біріктірді”, – делінген ЖОО хабарламасында.

Сонымен қатар, қыз-жігіттер шығармашылық қабілеттерін музыкалық үй тапсырмасын орындау арқылы көрсетті. Байқаудың үздіктері ЖОО-ның қытай мәдениетін ұсынған ТПП-21 тобының студенттері болды. Олар гран-при мен 20 000 теңге алды. ТПП-23-к тобының білім алушыларына бірінші орын бұйырды. «Күмісті» Ұлттық Ұлан Академиясының командасы, ал «қоланы» ТПП-21-к тобы жеңіп алды. Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаз дипломдармен марапатталды.

Shares