Есіл ауданында жұмысшы мамандықтар фестивалі өтті
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Явленка ауылында Жұмысшы мамандықтар фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль барысында 20 колледж өздерінің білім беру бағдарламаларын таныстырып, жастарға сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және техникалық білім берудің болашағы туралы айтты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов колледждердің білікті жұмысшылар даярлау бағытындағы мүмкіндіктерімен танысты, деп хабарлайды QZ News.
«Бүгінде облыстағы 15 колледж 16 жаңа мамандық ашу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде, оның 14-і — жұмысшы мамандықтар. Жақын арада диқандар, тұқым өсірушілер, құс өсірушілер, наубайшылар және басқа да сұранысқа ие мамандарды даярлау басталады. Петропавл қаласында жұмыс берушілердің қолдауымен мектептерде ‘автослесарь’ және ‘электрик’ бағыттары бойынша бейінді сыныптар ашылуда», — деді аймақ басшысы.
Өңірде жұмысшы кадрлардың тапшылығына байланысты жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы 105 грантқа көбейтіліп, 1742 орынға жеткізілді. Айта кету керек, қазіргі таңда колледж түлектерінің жұмысқа орналасу және жұмыспен қамтылу көрсеткіші 98%-ды құрап отыр.
Оқушылардың ерте кәсіби бағдарын қалыптастыру мақсатында колледждерде «Junior Skills», «Үздік маман» байқаулары, кәсіби шеберлік чемпионаттары өткізілуде. Бұл шараларға 7 мыңға жуық түлек қатысқан. 29 мың оқушы облыс кәсіпорындарына барып, аймақ экономикасының қалай қалыптасатынын көзбен көрді. WorldSkills өңірлік чемпионатына 3 мың жас маман қатысты. WorldSkills республикалық чемпионатында өңір студенттері 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Жыл соңына дейін кәсіби шеберлік байқаулары, жұмысшы мамандықтар жастарының көшбасшылары форумы, шеберлік сабақтары мен Жаңа мамандықтар атласын әзірлеу жоспарланған. Бұл шаралар жастардың жұмысшы мамандықтарға қызығушылығын арттыруға, болашақ мамандығын саналы таңдауға және өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.