«Бұл мәселені зерттеп жатырмыз»: ҚР СІМ Ресейге кіру тәртібінің өзгеруі туралы
2025 жылғы 30 маусымнан бастап Ресей Федерациясына шетел азаматтарының, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтарының кіруіне қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Енді Ресей шекарасын кесіп өту үшін алдын ала хабарлау және міндетті түрде биометриялық деректерді — фотосурет пен саусақ іздерін тапсыру талап етіледі, деп хабарлайды QZ News Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл жаңашылдықтар Ресей Үкіметінің 2024 жылғы 7 қарашадағы №1510 қаулысымен бекітілген эксперименттік жобаның екінші кезеңі аясында жүзеге асырылуда. Егер алғашқы кезеңде биометрия тек Мәскеу әуежайларында және Орынбор облысындағы Маштаково өткізу бекетінде ғана талап етілсе, енді 30 маусымнан бастап жаңа талаптар Ресейдің барлық халықаралық өткізу пункттерінде қолданылады. ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресейге баруды жоспарлаған азаматтарды жаңа талаптармен мұқият танысуға шақырды.
«Біз бұл мәселені жіті бақылауда ұстап отырмыз және тиісті мемлекеттік органдармен қажетті консультациялар жүргізудеміз. Ресейге барғалы отырған Қазақстан азаматтары шекарадан өту кезінде түсініспеушіліктерге жол бермеу үшін алдын ала дайындалып, қолданыстағы ережелерден хабардар болуы тиіс», — деді ҚР СІМ ресми өкілі.
Министрлік өкілдері атап өткендей, Ресей енгізіп отырған бұл шаралар классикалық мағынадағы виза режимі болып саналмайды. ҚР СІМ азаматтарға сапар алдында Ресей ІІМ ресми сайтынан кіруге тыйым салу фактісінің бар-жоғын тексеруге және түсініктеме алу үшін консулдық мекемелерге жүгінуге кеңес береді.