Қазақстан мен Ресей педагогтері Петропавлда Ұлттық кітап күніне арналған семинарға жиналды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде атап өтіледі. Осыған орай Петропавл қаласында СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен республикалық «Абай идеясын заманауи білім жүйесінде дамыту» атты семинар-практикум өтті. Іс-шараға 100-ден астам адам – лингвистер, филологтар, Омбы, Қорған, Түмен облыстарынан келген қазақ тілі мұғалімдері, Қостанай мен Ақмола облыстарындағы тілдерді оқыту орталықтарының басшылары қатысты. Іс-шара ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды, деп хабарлайды QZ News.
«Абай Құнанбайұлы туралы балаға бірінші сыныптан бастап айту керек. Олармен бірге «Қара сөздерді» оқыту қажет. Бұл өмірде көп көмегін береді, оларды шынайы, дана тұлға, нағыз патриот етіп тәрбиелейді. Абай шығармалары арқылы балалар қазақ тілін үйрене алады», – деді Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық қазақ тілі қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы.
Семинарға қатысушылар Абайдың философиялық идеяларын қазіргі білім беру жүйесінде қолдану жолдарын талқылады. Педагогтер әртүрлі өңірден келген әріптестерімен тәжірибе алмасты. Бірлесе отырып, олар ұлы ақынның шығармашылығы, жинақтары мен қазақ тіліне арналған әдістемелік құралдары ұсынылған «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты көрмемен танысты.
«Облысымызда әкімдік қолдауымен тіл туралы заңнаманы түсіндіру, ономастика, визуалды ақпарат пен тілдік дискриминацияға жол бермеу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бірнеше жылдан бері орталығымызда ересек тұрғындарға арналған тегін тіл курстары жүргізіледі. Әңгіме және отбасылық клубтар да жұмыс істеді. Биыл «Сөйлеу әдебі» клубы ашылады», – деді СҚО тілдерді оқыту орталығының басшысы Үмітжан Шынтемірова.
Қарлығаш Қараманова Омбы қаласындағы екі мектепте қазақ тілінен факультатив сабақтар жүргізеді. Оның айтуынша, шекара маңындағы өңірдің балалары өте қабілетті және тілді үйренуге шын ықылас танытады.
«Абай бізге тек ана тілімізді ғана емес, өзге тілдерді де үйренуді үйретті. Біз балаларға өзіміз білгенімізді бергіміз келеді. Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім емес. Бұған дейінгі семинарлардан көптеген әдістер мен пайдалы кеңестер алдым. Оқушыларымның арасында қазақ тілін жақсы меңгерген өзге ұлт өкілдері де бар», – деді семинар қатысушысы Қарлығаш Қараманова.
Семинар аясында ұстаздар мен кітапханашыларға арналған психологиялық тренинг пен практикалық сабақ та ұйымдастырылды. Бұл қазақ тілін оқытудағы жаңа әдістерді, Абай шығармашылығы арқылы мультфильмдерді пайдаланудың тиімді жолдарын көрсетіп, білім беру саласына жаңаша көзқарас қалыптастырды.
Іс-шара соңында СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдриісов мемлекеттік тілді сақтау, дамыту және насихаттауға қосқан елеулі үлестері үшін педагогтерді алғыс хаттармен марапаттады.