Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Сары Өзек ауылында ОС жауынгерлеріне арналған ескерткіш жаңартылды

Сары Өзек ауылында ОС жауынгерлеріне арналған ескерткіш жаңартылды

Айыртау аудандық «AMANAT» партиясы филиалының қызметкерлері мен Жастар ресурстық орталығының өкілдері Сары Өзек ауылында орналасқан Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке жөндеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды QZ News.

Сары Өзек ауылы ресми түрде 2013 жылы таратылғанымен, осы ауылдан соғысқа аттанған азаматтардың ерлігі ел жадында сақтаулы. Бұл шағын ауылдан майданға шамамен 60 адам аттанған.

Акция аясында қатысушылар ескерткішті сырлап, аумақты тазалап, тұғырын жаңартты. Іс-шара ұйымдастырушылары жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, өз балаларын да бірге ала келді. Олар ұрпаққа жауынгерлердің ерлігін айтып, тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын түсіндірді.

«Ауыл картадан жойылса да, жүректен өшпейді. Біз Отан үшін күрескен батырларды есте сақтау – борышымыз деп білеміз. Батырлар – олар туралы естелік барда ғана тірі. Бүгін біз бұл жерге балаларымызбен келіп отырмыз – олар бұл тарихты білуі тиіс. Осылайша, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе отырып, біз тек тарихты емес, халықтың рухани құндылықтарын да сақтаймыз. Бұл жай ғана акция емес – бұл құрмет көрсету және маңызды тарихи сабақ», – деді «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әсет Қожахметов.

Shares