Солтүстік Қазақстан облысында 47 кәсіпкер белгіленбеген орында шырша сатқан
Жас қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесуге жол бермеу. «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлердің алға қойған мақсаты осы. Ол 20-31 желтоқсан аралығында өтеді, деп хабарлайды QZ News тілшісі СҚО ПД сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлерімен бірлесе отырып, жаңа жылдық шыршаларды сату орындарын тексеріп жатыр. Бүгінгі таңда 60-қа жуық сату орны тексерілді. Белгіленбеген жерде сауда жасаған 47 құқықбұзушылық анықталды.
«Солтүстік Қазақстан облысында сатылатын шыршалардың барлығы Ресей Федерациясынан әкелінген, бірақ оларды сату үшін сатушылар жергілікті атқарушы органның рұқсатын алуы немесе аумақтың иесімен келісім шарт жасасуы керек», – деп хабарлайды СҚО ПД.
Заңсыз ағаш кесу фактілері тіркелген жоқ. Полиция егер келтірілген шығын 50 айлық есептік көрсеткіштен аз болса онда заңсыз ағаш кескендер айыппұл төлейтінін, егер залал мөлшері көп болса, қылмыстық жазаға тартылатынын еске салады.