Ағаштар құрылысқа кедергі келтірді: Петропавл тұрғындары облыс орталығында жайқалған шыршалардың кесілуіне наразы
Петропавл тұрғындары облыс орталығында да, одан тыс жерлерде де ағаштарды кесуге қарсы. Жақында ғана облыс орталығына кіреберісте орналасқан қайыңдарды шабуға қатысты дау басылды. Міне, тағы бір жайт – Әуезов көшесіндегі бұрынғы АХАЖ ғимаратының маңында жылдар бойы тұрған жап-жасыл шыршалар Петропавл тұрғындарының көзінше кесілді, деп хабарлайды Qz Media тілшісі.
Ағаш кесуге қатысты жағдайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі түсіндірді. Анықталғандай, «Еремеев П.В.» ЖК дүкеннің алдын жаңғырту және қалпына келтіру мақсатында ағаштарды кесуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген.
«Өтінішке құжаттардың толық пакеті, атап айтқанда, өтемдік отырғызу жоспары, зерттеу актісі, жер учаскесіне жеке меншік құқығы актісі, қайта отырғызу шарты және өтемдік отырғызуға кепілдік хат қоса берілген. Зерттеу есебіне сәйкес, ағаш тамырлары дүкеннің алдынғы бөлігін бұзып жатқаны анықталды. Осыған байланысты “Еремеев” ЖК-не шыршаларды Пушкин алаңы аумағына қайта егу ұсынылды», – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Қала әкімдігі қайта егілген ағаштар өспесе, он есе өтемақы талап етілетінін қосты.
«2023 жылдың 5 қарашасында 6 шыршаны қайта отырғызу жұмыстары басталды, оның үшеуін “Еремеев” ЖК отырғызды. Екі шыршаның тамыры (биіктігі 15 метрден астам) іргетасқа жақын болды, ғимараттың құлау қаупіне байланысты қайта отырғызу техникалық тұрғыда мүмкін болмады. Салдарынан екі шырша кесілді. Бір ағаш қайта отырғызуға дайындалуда.
Енді «Петропавл қаласының жасыл желектерін күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік ережелеріне» сәйкес, мекеме бір кесілген ағаштың он еселенген мөлшерінде өтемдік отырғызу жұмыстарын жүргізеді», – деп толықтырды әкімдік.