Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ақтау маңында Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағы апатқа ұшырады

Ақтау маңында Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағы апатқа ұшырады

25 желтоқсан күні таңертең Ақтау маңында Әзірбайжан әуе жолдарының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады, – деп хабарлайды QZ News тілшісі Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап.

Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтауға шұғыл қонуды сұрады деген алғашқы ақпарат сағат 11:20-да пайда болды. Грозный әуежайының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бағыттың өзгеруіне қалың тұман себеп болған. Ұшақ алдымен Махачкалаға, одан кейін Ақтауға қайта бағытталды.
Алғашында ұшақтың қатты қонғаны хабарланып, кейін ұшақтың құлағаны белгілі болды. Апат болған жерден түсірілген кадрлар да пайда болды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, апатқа ұшақ пен құстар тобының соқтығысуы себеп болған.
Алдын ала ресми мәлімет бойынша, ұшақ бортында 67 адам болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жолаушылар арасында аман қалғандар бар.
Қазіргі уақытта Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Оны вице-премьер Қанат Бозымбаев басқаратын болады
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Астанадан Ақтауға дәрігерлерді жіберіп, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Ұшақ бортында Әзірбайжанның 37, Ресейдің 16, Қазақстанның 6, Қырғызстанның 3 азаматы болғаны белгілі.
ҚР Денсаулық сақтау министрі ұшақ апаты болған жерге 14 жедел жәрдем бригадасы жөнелтіліп жатқанын хабарлады. Вице-министр кетті, Астанада бір вице-министр жұмысты үйлестіруде. Санитариялық авиацияның рейстері сапарға дайындалып, мамандар – травматологтар мен нейрохирургтер жіберілді.
Ұшақ құлаған жерде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жүр.
Аймақ басшысы оқиғаның мән-жайымен және құтқару жұмыстарының барысымен танысты.
Сондай-ақ облыс әкімі құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар беріп, атқарылатын шаралардың барлығы жеке бақылауында болатынын қадап айтты.
Қазіргі уақытта Ақтау әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Көлік министрлігі.

Shares