Ауыл тұрғыны полицейге тұмылдырығы жоқ ит қосқан
СҚО Мамлют ауданының полиция бөліміне 57 жастағы тұрғынның қатысуымен болған отбасылық жанжал туралы хабарлама келіп түскен. Аталған мекен жайға учаскелік полиция инспекторы барады. Отбасылық жанжалқойға қатысты материал жинау барысында учаскелік инспектордың жұмысына аудан орталығының 40 жастағы өзге тұрғыны күтпеген жерден кедергі келтірген, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Полицейдің кедергі жасамау туралы өтініштеріне ер адам құлақ аспаған. Осылайша құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талаптарына бағынбады.
Отбасылық жанжал үшін ұсталған 57 жастағы ер адамды полиция бөліміне жеткізгеннен кейін, учаскелік полиция қызметкері әлгі бұзақыға барады. Ер адамнан әңгімелесу және хаттама рәсімдеу үшін көшеге шығуын өтінеді. Алайда, учаскелік инспекторды көрген үй иесі аулаға тұмылдырығы жоқ итін босатып жіберіп, сөйлесу үшін үйдің қоршауынан шықпайды.
“Осы факт бойынша 40 жастағы ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабының 2-бөлігі “Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау” бойынша материал жиналып, процестік шешім қабылдау үшін аудандық сотқа жіберілді. Бұл баптың санкциясы он бес тәуліктен жиырма тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді”, – делінген ресми жазбада.