«Берекедегі» жаңа өрт сөндіру бекеті Петропавлдағы өрттер мен төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге сеп болады
Материалдық-техникалық базаны нығайту, Солтүстік Қазақстан облысының құтқарушылары мен өрт сөндірушілерін құрал-жабдықтармен және арнайы техникамен жабдықтау – азаматтық қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың басым бағыттарының бірі болып табылады. Тек соңғы 3 жылда жергілікті бюджеттен 860 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Қаражат өрттерді сөндіруге және төтенше жағдайларды жоюға, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Күні кеше аймақ басшысы «Береке» шағын ауданындағы өрт сөндіру депосы кешенінің құрылыс алаңында болды. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерік Сарыбаев облыс әкіміне облыс орталығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса қажет нысан құрылысының барысы туралы айтып берді.
«Депода 4 өрт сөндіру көлігіне арналған тұрақ, өрт сөндірушілердің жұмысы мен демалысы үшін қажетті үй-жайлар, қызметкерлерге арналған тұрғын үй болады. Жобаны жүзеге асыру 27 мыңнан астам халқы бар Петропавл қаласының оңтүстік-шығыс бөлігін өрттен қорғауға мүмкіндік береді. Депо 6 орта мектеп, 3 балабақша, 1700 тұрғын үй, салынып жатқан ауысымына 250 келушіге арналған емхана, ондаған кәсіпорын мен 7 мұнай базасы бар индустриялық аймақ, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға қызмет көрсетеді. Ол жолдар арқылы алыс-жақын шетелдерден келетін көліктер қатынайды», – деп атап өтті ТЖД бастығы.
Облыс әкімі ғимаратты аралап, мердігер компания өкілдерімен, байланыс және жол инфрақұрылымына жауапты ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен әңгімелесіп, нысанды тез арада пайдалануға беруді тапсырды. Ғауез Торсанұлы өрт сөндіру бекетінің жұмыс істей бастауымен өрттер мен төтенше жағдайларға жедел ден қою деңгейі жоғарылайтынына тоқталды. Ол жобаны жүзеге асыру халықтың әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайына және экономиканың барлық саласының дамуына оң әсер ететінін де атап өтті.