Денсаулық сақтау вице-министрі Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде азаматтарды толғандырып жүрген мәселелер көтерілді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Іс-шара барысында вице-министр мақсаты ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру болып табылатын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасын бекіту туралы айтты. Негізгі баяндамадан кейін тұрғындар сұрақтарын қойды. Ең актуалды сұрақтың бірі – ауылдарға медициналық көлік сұрату.
«2023 жылы 19 көлік сатып алынды, олардың бір бөлігі аудан орталықтарына жөнелтіледі. Жыл сайын көлік паркін толықтыруға тырысамыз. Мемлекет қомақты қаржы бөледі. Біз барлық өтініштерді қарап, тиісті шешім қабылдаймыз», – деп жауап берді Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.
Сөз соңында Вячеслав Дудник халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту, сондай-ақ шығыстарды индекстеуді ескере отырып, басым бағыттар бойынша тарифтерді қайта қарау жұмыстары жалғасатынын атап өтті.