Кәсіпкер Андрей Исаков 43-орта мектептің үздік оқушыларына шәкіртақы төлейді
Петропавл қаласында орналасқан Ғ.Мүсірепов атындағы 43-орта мектепте оқу озаттары ай сайын шәкіртақы алады. Бүгінде 927 оқушының 102-сі – оқу озаты. Төленетін шәкіртақы мөлшері балалардың жас санатына байланысты 3 мыңнан 20 мың теңгеге дейін ұлғаяды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Оқуға деген қосымша ынталандыруды білім ордасының бұрынғы түлегі, қазір қалаға танымал кәсіпкер Андрей Исаков жасады. Мектеп оқушылары 2017 жылдан бастап шәкіртақы түрінде демеу алуда.
«Балалар көбірек тырысып, жақсы нәтиже көрсетуде. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 49 адам түрлі халықаралық, тағы 56 адам республикалық олимпиадалар мен жарыстардың жүлдегері атанды», – деді мектеп басшылығы.