Петропавл мектептерінің бірінде «Дабыл түймесі» іске қосылды
Турникеттер мен бейнекамералар, «дабыл түймелері» және күзетшілер — бүгінгі таңда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді. «Дабыл түймесі» басылғаннан кейін күзет ұйымының жедел әрекет ету тобы оқиға орнына 3 минут ішінде жетті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
СҚО полиция департаментінің құрамындағы күзет қызметін бақылау бөлімі қызметкерлерінің жеке күзет құрылымдары қызметкерлерімен бірлесіп өткізген оқу-жаттығуының сценарийі бойынша мектеп ішіне мас адам кірген.
Бұл оқу-жаттығу сабағы № 21 мектепте өткізілді. Сценарий бойынша мас күйдегі қала тұрғыны білім ошағындағы күзетшілердің кету туралы талабын елемей ішке енбек болған. «Дабыл түймесі» басылғаннан кейін күзет ұйымының жедел әрекет ету тобы оқиға орнына 3 минут ішінде жетті. Арнайы құрылғылармен жарақталған жедел әрекет ету тобы ер адамды ұстады. Бір минуттан соң оқиға орнына полиция жасағы да келді. Оқу-жаттығуға қатысушылардың іс-әрекеттеріне оң баға берілді.
«Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің басшылығы білім беру нысандарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде. Бөлім қызметкерлері мүдделі ведомстволармен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізуде. Күзетілетін білім беру объектілерінде түрлі оқиғалар туындаған жағдайда күзет қызметкерлерінің, сондай-ақ полицияның кешенді күштерінің іс-қимылдарын пысықтау бойынша оқу-жаттығу сабақтары үнемі өткізіліп тұрады. Анықталған кемшіліктерге талдау жасалып, оларды жою бойынша шаралар қабылданады. Бүгінгі таңда облыс орталығының барлық мектептері күзет құрылымдарының қызметкерлерімен қамтамасыз етілген. Балалардың қауіпсіздігі – полиция жұмысындағы басым бағыттардың бірі»,- дейді СҚО ПД Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы полиция полковнигі Руслан Даньяров.