Петропавлда қала әкімінің шыршасы өтті
Оқушылар сарайында Петропавл қаласы әкімінің шыршасы өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін іс-шара жақсы оқитын, шығармашылық пен спортта жетістікке жеткен 100-ден астам ұл мен қыздың басын қосты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Сонымен қатар, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушылары, жетім және ерекше қажеттіліктері бар балалар мерекенің қонағы болды. Қала әкімі Серік Мұхамедиев барша бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Сіздер еліміздің болашағысыздар! Сіздердің барлық жетістіктеріңіз өте маңызды. Мереке сізге қуаныш пен жақсы көңіл-күй сыйласын. Келе жатқан жаңа жылда бақыт, денсаулық, жақсы оқу және толағай табыс тілеймін», – деді Серік Мұхамедиев құттықтау сөзінде.
Шыршаға түрлі образда киініп келген балалар үшін би мен әннен тұратын жарқын ойын-сауық бағдарламасы және ертегі кейіпкерлері Ақшақар мен Аяз ата мереке көркін аша түсті. Мерекеге шақырылған балалардың барлығы сыйлыққа колонка, ойыншық және тәттілер жиынтығын алды.