Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда Республика күні қалай тойланды?

Петропавлда Республика күні қалай тойланды?

 

Жергілікті билік Республика күніне орай Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтарына ауқымды мерекелік бағдарлама дайындады. Негізгі мерекелік шара облыс орталығының орталық алаңында сағат 11:00-де басталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандықтарды мерекемен құттықтады. Ол Қазақстанның мемлекеттік Егемендігі туралы декларация Тәуелсіздігіміздің берік іргетасын қалағанын атап өтті.

«Республика күні – мемлекеттілік пен халқымыздың бірлігін нығайтуға арналған барша қазақстандықтарға ортақ мереке. Осы мереке күні сіздерге және отбасыларыңызға бақыт, береке және табыс тілеймін! Отанымыз дамып, өркендей берсін! Мереке құтты болсын!», — деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Республика күніне орай орталық алаңда Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті. Шараға облыс басшылығы мен қала тұрғындары қатысты.

Сондай-ақ, жиналғандар үшін актер Дәулет Әбдіғапаровтың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар, төрт киіз үйде қала тұрғындарына арналып қолөнер көрмесі, викториналар, үстел ойындары ұйымдастырылды.

Шухов атындағы кітапхана «Книжные жмурки» атты қызықты акция бастады. Қала тұрғындарына қазақ немесе орыс тілінде конвертке оралған кітапты таңдау ұсынылды. Конвертте қысқаша сипаттама болды. Таңдалған кітап басылып, тегін берілді.

Мереке ассыз өтпеді. Хош иісті тағамдардың көптігі ересектердің де, балалардың да тәбетін ашты.

Түскі астан кейін орталық алаң көпшілікке толды. Тұрғындар 1990-2000 жылдардағы әндерді тыңдап, оған қосылып би биледі.

«Жаңа ұрпақ» атты керемет концерттік бағдарлама да петропавлдықтардың көңілінен шықты. Онда қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Жұмахан Айдын, Хасен Еркеш, Нұржан Керменбаев, Liili өнер көрсетті.

 

 

Shares