Петропавлда жол жөндеу жұмыстары маусымы аяқталды: мердігер ұйымдардан 7 көше бойынша жұмыс қабылданбады
Биыл қаланың 47 көшесінде жаңа асфальт төселді. Көлемі ауқымды, осы мақсатқа шамамен 7 млрд теңге бағытталды. Қаланың инфрақұрылымы жақсарды, бірақ мердігер ұйымдар жөнді жұмыс істемеген кейбір жайттар да анықталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Өз учаскелерін талаптарға сәйкес келтірмегендер жазаланады, деп атап өтті Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев. Мердігер ұйымдардың жұмысы 7 көшеде қабылданбады. Сапасыз орындалған жұмыстар үшін қаражат төленбейді. Ұйымдар жол төсемін қалыпты жағдайға жеткізгенде ғана ақша алмақ.
“Алдағы кезеңде осындай жағдайлардың алдын алу үшін жұмыстарды жүргізу кезінде күшейтілген бақылау жүргізу қажет. Сонымен қатар, бөлімге барлық жолдарды, құдықтар мен арықтарды цифрландыру тапсырылды. Бұл мамандарға қаланың проблемалық нүктелері туралы білу және жағдайды уақтылы түзеу үшін қажет”, – деп толықтырды Серік Мұхамедиев.