Петропавлдықтар қаржылық сауаттылықты арттыруда
Қазанның 23-нен бастап облыс орталығында «Қарызсыз қоғам» жобасы өз жұмысын бастады. Жыл соңына дейін шаһардың 1 100 тұрғыны қаржылық сауатын арттырмақ, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бүгін «Қарызсыз қоғам» жобасы Ескендір Дәуітов атындағы Петропавл қаласындағы қызмет көрсету саласы колледжінде өтіп жатыр. Аталған оқу ошағындағы оқу курсын білікті оқытушы Тимур Рақымжанов өткізіп, колледж педогогтері мен студенттерін қаржылық сауаттылыққа үйретіп жатыр. Оған жалпы саны 66 адам қатысуда. Жыл соңына дейін ұйымдастырушылар облыс орталығының барлық 13 колледжін қамтуды жоспарлап отыр. Оқу курсы барысында қатысушылар қаржылық сауаттылықты арттырып қана қоймайды. Оларға алаяқтардың арбауына түспеудің жолдары да көрсетіледі. Алдағы уақытта аталған жоба шаһардың ауруханаларында, мектептерінде және ірі кәсіпорындарында өтеді.
«Ай сайын үш топтан болады. Оған 18 жасқа толған колледж студенттері мен қызметкерлері қатыспақ. Бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Бұл оқыту курсы ең алдымен жастар үшін пайдалы болады. Жоба борышкерлердің санын азайтып, халықтың қарыз жүктемесін төмендетуге бағытталған»,- деді «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.
«AMANAT» партиясы «Halyk Bank»-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жоба аясында несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған жандар, дәл қазіргі уақытта қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, сондай-ақ мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер оқудан өте алады. Сондай-ақ борышкерлерге тегін заң көмегін көрсету жоспарлануда.