Қасақана немесе ойда жоқта: Петропавлда әйел көпірден құлап кетті
18 қазан күні 22:30 шамасында полицияға Есіл өзені арқылы өтетін автокөлік көпірінің маңында әйелдің жағаға шыға алмай жатқаны туралы қоңырау түскен. Жағдайдың қалай болғанын куәгер нақты айта алмады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының жақын маңдағы экипаждары жөнелтіліп, жедел жәрдем шақырылды. Қараңғыда әйелдің айқайы естілді.
«Әйелді табу оңай болған жоқ. Қараңғыда бағытын жоғалтып, қамыста кептеліп, жағадан алыстап кетсе керек. Жағадағы және көпірдегі қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар маған бағыт берді. Қол шамның жарығын көрген әйел қарсы шықпақ болды. Бірақ қозғала алмады», — дейді полицей.
Нәтижесінде олар әйелді аман алып қалған. Жедел жәрдем келіп, тоңып қалған 32 жастағы қала тұрғынын медициналық мекемеге жеткізді.