Қазақстанда оқушыларды тамақтандырудың жаңа үлгісі әзірленді
20 қазанда ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мектептегі тамақтандырудың жаңа үлгісі туралы айтты. Ведомствоның мәліметінше, онда мектепте тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша кезең-кезеңімен шаралар кешені қарастырылған, деп хабарлайды Qz Media тілшісі Zakon Kz-ке сілтеме жасап.
Пилоттық жоба Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп Астананың алты мектебінде жүзеге асырылуда.
Бірінші кезеңде мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыруды бағалау және талдау үшін мыналар жүргізіледі: мектеп асханасында балалардың мінез-құлық үлгілерін бақылау, оқушылардың антропометриялық көрсеткіштерін (бойы, салмағы) өлшеу және дұрыс тамақтану принциптерін білуге арналған сауалнама.
Екінші кезеңде салауатты өмір салты саласындағы білім мен тәжірибені арттыру үшін жеткізушілерге, мектеп ұжымына, оқушыларға және олардың ата-аналарына арналған тренингтер өткізіледі.
Үшінші кезең балалардың дұрыс тамақтануына және физиологиялық қажеттіліктерін есепке алуға баса назар аудара отырып, оқушылардың тамақтануын реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарды үйлестіруді білдіреді.
Төртінші кезеңде балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған мектепте тамақтанудың жаңа моделін әзірлеу көзделіп отыр. Бұл үдеріс денсаулықты сақтауға ықпал ететін білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында үйлестірілген тәсілді қамтамасыз етпек.
Соңғы кезең – енгізілген өзгерістердің тиімділігін бақылау және бағалау.
«Мәзір ұлттық дәстүрге және отандық ассортиментке сәйкес әзірленді, облыста өндірілетін өнімдер қолданылады», – дейді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап алғаш рет 1,6 млн астам оқушы, оның ішінде 1,4 млн астам бастауыш сынып оқушысы және 220 мың ХӘОТ санатындағы 5-11 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылды.