Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Петропавлдағы медициналық мекемелерді аралады

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Петропавлдағы медициналық мекемелерді аралады

Жұмыс сапары аясында денсаулық сақтау вице-министрі көпсалалы облыстық ауруханаға және облыстық перинаталдық орталыққа барды. Ол мекеме ұжымдарымен әңгімелесті, сондай-ақ материалдық-техникалық жабдықтармен танысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Биыл көпсалалы облыстық аурухананың ұжымы 20 қызметкермен толықты, бұл кадр мәселесін толығымен шешті. Дәрігерлерге қолдау облыстық бюджеттен де, мекеме бюджетінен де көрсетіледі.  

“Мамандыққа байланысты жас мамандарға 1,5-тен 3 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетеміз. Мәселен, өткен жылы гинеколог бізден қосымша 1,5 млн теңге алды, анестезиологтар – 3 млн теңге. Өткен жылы біз көтермеақы ретінде дәрігерлерге 40,5 млн теңге жеке бюждеттен төледік. Сонымен қатар, маманға Дәрігерлер үйінінен баспана беруге тырысамыз. Егер пәтерлер жетіспесе, әр маманға 50 мың теңге көлемінде пәтерақы төлейміз”, – дейді көпсалалы облыстық аурухананың бас директоры Сакен Әмрин.

Ең бастысы, аурухананың дамуы, деп атап өтті Вячеслав Дудник. Бұл – инвестиция салу, мамандарды тарту және оқыту.

“Мен қарап шықтым. Нәтижелер өте жақсы, дамуға жаңа жабдықтар сатып алу, жаңа технологияларды тарту жатады. Бұл баяндамада айтылды. Ағымдағы және күрделі жөндеу де ұмыт қалмауы тиіс. Біз сіздерде заманауи аурухана салынады деп күтеміз, сонда облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсету сапасы мүлдем басқа деңгейде болады”, – дейді Вячеслав Дудник.

Келесі нысан облыстық перинаталдық орталық болды. Ол 147 төсек-орынға шақталған, оның 20-сы – босану бөлімшесінде. Вице-министрге орталықтың жабдықтары көрсетілді. Мысалы, КТГ аппараты ұрықтың жүрек соғысын бақылауға көмектеседі. Ол облыстың барлық аудандарында бар, мамандар оқытылған. Сондай-ақ, вице-министр жан сақтау бөлімшесіндегі ересектер мен балалар палаталарын тексерді. Кездесулердің қорытындысы бойынша ол Солтүстік Қазақстан облысы дәрігерлерінің жұмысын жоғары бағалады.

Shares