Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары полярлық шұғыланы көріп, әлеуметтік желіде әсерлерімен бөлісті
Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын, Аққайың, Тимирязев, Мамлют және Қызылжар аудандарының тұрғындары сирек кездесетін таңғажайып құбылыс – полярлық шұғыланы көрді, деп хабарлайды Qz Media тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, бұл құбылыс 10-15 минутқа созылған. Түрлі-түсті фотосуреттер желілерде желдей есті.
«Тек қызыл түсті көрдік. Әдемі көрініс», «Әдемі де, қорқынышты да», «Полярлық шұғыла өте әдемі болды, сөзбен жеткізу мүмкін емес», «Өкінішке қарай, бұл жерде жақсылық аз. Бұл полярлық шұғыла емес, ол біздің облысқа тән емес. Бұл күн сәулесіндегі магниттік алаулар жер шарының жартысына шағылысып тұр», «Бұл шұғыла ғой, әдемі», «Жамбыл ауданындағы Благовещенко ауылында да мұндай әдемі көрініс болды», – дейді солтүстікқазақстандықтар.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, солтүстікқазақстандықтар 5-қараша күні кешке бақылаған көрініс геомагниттік белсенділікпен байланысты. Бұл метеорологиялық құбылыс біздің ендіктерге тән емес және елде өте сирек кездеседі.
«Мұндай көріністі зарядталған бөлшектер атмосфераның жоғарғы қабатындағы сиректелген газдарға әсер еткенде байқауға болады», – деп мәлімдеді.