Солтүстікқазақстандықтар Ақтауда ұшақ апатынан зардап шеккендерге қан тапсыруда
Солтүстікқазақстандықтар Ақтау қаласының маңында болған қайғылы оқиғаға ортақ. Ұшақ апатынан көптеген адамдар қаза тапты. Қазір олардың арасында аман қалғандар да бар. Оларға шұғыл түрде қан қажет. Таңертеңнен бастап өңір тұрғындары қан орталығына келіп қан тапсырып жатыр, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
«Біздің белсенділер кеше болған ұшақ апатынан зардап шеккендерге қан тапсыру туралы шешім қабылдады. Қанға, донорлық көмекке мұқтаж жандарға көмектескіміз келеді. Бүгін 5 адам болып келдік, сонымен қатар күні Жастар ассамблеясының белсенділері келіп қан тапсырады»,- дейді «Ассамблея Жастары» РҚБ СҚОФ жетекшісі Дариға Смаилова.
Облыстық қан орталығы басшылығының айтуынша, мекеме қажетті қан компоненттерімен қамтамасыз етілген.
«Донорлар әрқашан, кез келген күні, кез келген уақытта қажет. Қанды күн сайын толтырып отыру керек. Тәулігіне 30 адам келеді. 100 адамды қабылдауға да қауқарымыз бар»,- дейді облыстық қан орталығы директорының орынбасары Валентин Дигтяр.