Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да еңбек міндеттемелерін бұзғаны үшін 8,7 млн теңгеге 53 айыппұл салынды

СҚО-да еңбек міндеттемелерін бұзғаны үшін 8,7 млн теңгеге 53 айыппұл салынды

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі және жағдайларын жақсарту мәселесін талқылады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

«143 тексеру жүргізілді, 204 бұзушылық анықталды, оның 83-і еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша. Осы жылдың 8 айында өндірісте 21 жазатайым оқиға орын алып, 24 адам зардап шекті, 8 адам қаза тапты», – деді мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Азат Көшербаев.

Отырыста тағы атап өткендей, мемлекеттік еңбек инспекторлары 2023 жылдың 8 айында шарттарды бұзғаны үшін жұмыс берушілерге 85 ұйғарым беріп, 8,7 млн. теңгеден астам сомаға 53 айыппұл салған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндірістік жарақат деңгейі сол деңгейде. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 24 жазатайым оқиға орын алып, оның барысында 30 жәбірленуші анықталып, 6 адам қаза тапты.

“Ай сайын өндірістік жарақат алу қаупі бар кәсіпорындарға мониторинг жүргізіледі. Биыл 28 ұйым аттестаттаудан өтті, 117 ірі кәсіпорын еңбекті қорғау бойынша халықаралық стандарттарды енгізді. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында қауіпсіздік техникасын оқытатын 5 ұйым жұмыс істейді. 2022-2023 жылдары онда 2,5 мыңға жуық адам оқудан өтті”, – деп түйіндеді Көшербаев.

 

 

Shares