СҚО-ның аудандарының бірінде полиция екі мас тракторшыны ұстады
Тимирязев ауданында полицейлер «BUHLER» маркалы екі тракторды тоқтатып, тексеру жүргізді. Трактор жүргізушілерінен спирттік ішімдік иісі аңқып тұрған. Медициналық сараптама олардың мас күйінде болғанын көрсетті. 38 және 27 жастағы екі құқық бұзушыға әкімшілік жауапкершілік жүктелді, деп хабарлайды QZ News.
Полицейлер мас күйінде көлік құралын басқару – жол ережесін өрескел бұзу екенін атап өтуде. Мұндай жүргізушілер тек өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, жолдағы өзге адамдарға да қауіп төндіреді.
Сәуірдің 19-ынан бастап полицейлер республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тек 4 күннің ішінде тәртіп сақшылары 25 мас жүргізушіні ұстады.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажет екенін ескертеді: қауіпсіздік белдігін тағу, телефонға алаңдамау, жарық шамдарын қосу. Бұл қарапайым әрекеттер денсаулықты — тіпті адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.