Жас петропавлдықтар мамандықтар шеруін ұйымдастырды
Петропавлда «Еңбектің бәрі жақсы» атты мамандықтар шеруі өтті. Оған 18 қалалық клубтан 130-дан астам бала қатысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Петропавлда балалар мен жасөспірімдерге арналған 23 клуб бар. Олардың қатысушылары – түрлі халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Сондықтан, үйірмелер арасында жарыстар жиі өткізіліп тұрады.
«Кәсіптік бағдар беру жұмысының тиімділігін арттыру әрқашан бірінші орында болады. Шығармашылық қабілеті бар оқушыларды анықтаймыз және дамытамыз. Біздің кәсіптік бағдар беру орталығының басты мақсаты – мамандықты дұрыс, саналы таңдауды анықтауға көмектесу», – дейді қалалық мектептен тыс балалар мен жасөспірімдер орталығының әдіскері Инга Плотникова.
«Мұндай шаралар балалардың мамандықтарды ұмытпауы үшін қажет. Олар болашақта өз жолын табуы тиіс. Яғни, қалаған маман иелері атануы керек», – деп қосты қалалық ресурстық орталықтың басшысы Дамир Абдин.
Сахнада балалар дәрігер, полицей, шекарашы, ұшқыш сияқты мамандықтарды көрсетті. Бұл – олардың арманы. Шығармашылық тұрғыда үздік өнер көрсеткен балалар бағалы сыйлықтармен марапатталды.